Елордадағы №1 көпсалалы қалалық аурухананың дәрігерлері түрлі жарақаттар мен сырқаттардан кейін реконструкциялық ота жасауды қажет еткен 100-ден аса науқастың өмір сүру жағдайын қалпына келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетерлігі, пациенттерге бұл күрделі де қымбат оталар – жоғары мамандандырылған реконструкциялық көмек МӘМС жүйесі бойынша тегін жасалады.
Реконструкциялық пластикалық хирургия жай ғана пластикалық хирургия емес. Хирургияның бұл саласы жарақаттардың, күйіктердің, туа біткен және жүре пайда болған ақаулардың салдарын қалпына келтірумен айналысады. Реконструкциялық хирургияның мақсаты – ең алдымен дене мүшелерінің қызметін, сондай-ақ эстетикалық көрінісін қалпына келтіру.
Реконструкциялық хирургиядағы әрбір дерлік жағдай жан-жақты дайындықты және ұзақ уақыт қалпына келтіруді қажет етеді. Біздің пациенттеріміздің жағдайында көбіне хирургиялық араласудың бірнеше сатысын қажет етеді. Ең бастысы, бұл оталарды пациенттерге тегін МӘМС аясында жасауға мүмкіндігіміз бар, әйтпесе, ойлап қараңыз, тек бір науқасқа сапалы өмір салтына оралу үшін шамамен 8-9 қымбат ота қажет болуы мүмкін, - дейді Астана қаласындағы №1 көпсалалы қалалық аурухананың дәрігері, жоғары санатты пластикалық хирург Нұрлыбек Бекбауов.
Осындай науқастардың бірі Ержан электрик болып жұмыс істейді, ол жұмыс кезінде электр тоғынан жарақаттанған. Хирургтің айтуынша, бастапқыда екі қолды да кесу туралы сөз болған, бірақ дәрігерлер қолдың үстіңгі бөлігі мен саусақтарын аман алып қалған, бәрі орнында. Үш рет қалпына келтіру кезеңінен өткеннен кейін екі қолымен де бұрынғыдай жұмыс істей алатын болды.
МӘМС жүйесінің арқасында мен барлық медициналық қызметтерді тегін алдым. Отадан кейін қолдарым әлдеқайда жақсы қозғала бастады, қолдарымды еркін ашып-жұма аламын. Терісі де жұмсарды. Қалпына келтіру бойынша дәрігер айтқан барлық ұсынымдарды орындаймын, – деп ағынан жарылды емделуші Ержан.
Дәрігердің айтуынша, көп азаматтар ел ішінде МӘМС жүйесінде тегін емделу мүмкіндігін біле бермейді, шетелдік емханаларды таңдайды немесе мүлде емделмей жүре береді. Қазіргі уақытта портал арқылы 24 түрлі патологияны емдеуге болады. Олар: қабақтың жұмысын бұзатын ақаулар, күйік пен үсік шалудың салдары, бас сүйегінің, беттің сүйектерінің ақаулары.
Елордада мұндай реконструкциялық оталар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 2023 жылы МӘМС жүйесі бойынша бір ғана №1 қалалық ауруханада 100-ден астам науқасқа реконструкциялық ота жасалды. Өткен жылдары орташа есеппен 70-80 адам емделген.