Астанада Джей Лоға ерекше сыйлық табыстау жоспарланған еді. Өзбекстанға сапары кезінде Дженнифер Лопеске оның портреті бейнеленген әшекейлі тәрелке сыйға тартылған болатын. Ал Қазақстанда әншіге елордаға тән ерекше сый әзірленді — "Астананың иісі" деп аталатын хош иіссу. Алайда бұл сый табысталмай қалды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне отандық парфюмерлік фабрика өкілдігінің басшысы Александр Ким айтып берді.
Оның сөзінше, бастама Қазақстан тарапынан әдемі ишара ретінде ойластырылған.
Біз сыйдың ресми сипатта болғанын қаладық, бұл елдің атынан көрсетілген назар ретінде көрінсе дедік. Бірақ, өкінішке қарай, ресми арналар арқылы бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкін болмады. Мұндай жағдайларда сертификаттау мен қауіпсіздік шаралары маңызды, - деді ол.
Идея бойынша, хош иіссу Астананың бірегейлігін айшықтауы тиіс еді. Алайда ресми қолдау болмағандықтан, жоба жүзеге аспай қалды, ал әнші елордаға тән қандай "иіс" болуы мүмкін екенін білмей кетті.
Еске салайық, бұған дейін әлемдік мегажұлдыз Дженнифер Лопес Instagram-да Астанада өткен концерттің ұйымдастырушылары сыйлаған қазақ әшекейлерін көрсеткенін хабарладық. Танымал жұлдызға қазақтың зергерлік бұйымдарын кім сыйлағаны белгілі болды.
Джей Лоның Алматыда өткен концертіне 20 мыңнан астам көрермен жиналды, қонақтар арасында шегіртке де "келгенін" жазған болатынбыз.
Астанада аты әлемге жайылған әнші Джей Ло берген концерт Қазақстанды таңғалдырған ғаламат шоу болды. Аталған концерт жайлы жазған шолуымызды мына жерден оқи аласыз.