Елордалық спортшы аралас жекпе-жектен Еуропа чемпионы атанды

22 Тамыз 2021, 03:32
5632
Бөлісу:
Елордалық спортшы аралас жекпе-жектен Еуропа чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Татарстан астанасы Қазанда аралас жекпе-жектен (ММА) Еуропа чемпионаты аяқталды. Жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Елордалық жауынгер Ерсұлтан Шәкенбай үздік атанып, чемпионаттың алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Еуропа ашық чемпионаты жастар мен ересектер арасында, яғни 18-20, 21+ жас санаттары бойынша өтті.

Жыл бойы Еуропа чемпионатына үзіліссіз дайындалдым. Бұл жеңіс біріншіден, еңбектің арқасында, екіншіден, бапкерім Нұрлан Шаяхметұлының арқасында мүмкін болды деп санаймын. Алдағы мақсатым – әлем чемпионы атану, – деді Ерсұлтан Сержанұлы.
Ерсұлтан жартылай финалда ресейлік Мұхамедамин Мукумовты, ал финалда Ресейдің тағы бір спортшысы Николай Веретенниковты жеңіп, Еуропа чемпионы атанды.

Нұр-Сұлтан қаласының аралас жекпе-жектен аға жаттықтырушысы Нұрлан Қарабалин жарысқа дайындық ұзақ уақыттан бері жүріп жатқанын атап өтті. 

Алматыдағы оқу-жаттығу жиындары дайындығымызға ықпал етті. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Елге оралғаннан кейін қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз. Әлем чемпионатында да жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамыз, – деді Қарабалин.

Айта кету керек, Ерсұлтан Шәкенбай – Нұр-Сұлтан жастары арасында Еуропаның алғашқы чемпионы.



Өзгелердің жаңалығы