Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен күні елордадағы мониторингтік топтар кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин режимін бұзған төрт мекемені анықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордадағы мониторингтік топтар жұмысын күшейтілген режимде жалғастыруда. 27 сәуір күні олар карантин режимін бұзған қаланың бірнеше мекемесін анықтады.
Байқоңыр ауданында белгіленген жұмыс режимін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке «Мята» лаундж бары тартылды. Сол сияқты Алматы ауданында орналасқан Д.Қонаев атындағы колледж карантин режимін бұзғаны анықталды.
Айта кетейік, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 22.00-ге дейін жұртшылықты қабылдай алады. Осыған қарамастан Сарыарқа ауданындағы «Стамбул» кафесі мен «716» кальян бары түн ортасынан кейін де келушілерді қабылдады. Бұл шектеу шараларын өрескел бұзу болып саналады, - делінген таратылған ақпаратта.
Жиналған материалдың бәрі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қолдану және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін тапсырылды.
Нұр-Сұлтан бір айдан астам уақыт эпиджағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта тұр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Осыған байланысты елорда тұрғындары, қонақтары, кәсіпкерлік субъектілері қауіпті вирусты жаппай жұқтырмас үшін карантин режимін қатаң сақтауы керек.
Қазір қалада КВИ-ге қарсы халықты вакцинациялау белсенді жүргізілуде. МСАК мекемелерінде және Mega Silk Way, Keruen, «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза» сияқты ірі сауда ойын-сауық орталықтарында барлығы 100 егу пункті ашылды. Тек жаппай вакцинация ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді, соның арқасында жұрт қалыпты жағдайға орала алады.