Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада құтқарушылардың кәсіби мерекесі аталып өтті. Құтқарушылар саябағында ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында елордадағы Өрт сөндіру қызметінің бастығы Назарәлі Селимов 20 жас қызметкер құтқарушылар қатарына қосылғанын айтты.
Бүгін «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне кіруге 20 жас қызметкер ант қабылдады. Бұл іс-шара Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылып отыр. Құтқарушылар күні 1995 жылдан бастап тойланады, - деді Өрт сөндіру қызметінің бастығы Назарәлі Селимов.
Айта кетейік, жыл сайын 19 қазан күні Құтқарушы күні тойланады.
26 жыл бұрын «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 1995 жылғы 19 қазандағы №2541 Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде құрылды.
Бүгінде елордадағы Төтенше жағдайлар департаментінде 1 728 адам жұмыс істейді. Департаментте 18 өрт сөндіру бөлімі, жедел-құтқару жасағы және мемлекеттік меншіктің аса маңызды объектілерін күзету жасағы бар. Тоғыз ай ішінде елордалық гарнизонның құтқару бөлімшелері 4 185 жедел шығуды жүзеге асырды, «112» пультіне халықтан 508 236 қоңырау түсті. Осы жылдың 9 айында елордалық құтқарушылар 317 адамды құтқарды, үйінділер мен өрттен 400-ден астам адам эвакуацияланды, - деп айтты Назарәлі Селимов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні гарнизонда 179 техника, оның ішінде 12 құтқару техникасы және негізгі, арнайы, көмекші техникалар бар.
Жергілікті бюджет қаражатынан техника сатып алуға қаражат бөлінді. 2020 жылы 10 техника алынса, осы жылы 48 техника сатып алу жоспарланып отыр.