Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте қол добынан Қазақстан V Жастар ойындары аяқталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
12-18 шілде аралығында өткен жарыста 2002 жылғы қыздардан құралған командалар бақ сынады. Жарысқа жалпы 11 команда қатысты. Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Қостанай, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарымен қатар Алматы, Шымент, Нұр-Сұлтан қалаларынан гандбол шеберлері қатысты. Тартысқа толы додада елордалық қыздар құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынды жеңіп алды. Бірінші орынды Шымкент қаласының құрамасы иеленсе, Қарағанды облысының спортшылары үшінші орынға тұрақтады.
Нұр-Сұлтан қаласының гандбол құрамасының бас жаттықтырушысы Диас Ақмұрзаев елордалық қыздардың еліміздің Жастар құрамасының сапында ойнайтынын айтты.
Жарысқа былтырғы жылдан бері тыңғылықты дайындалдық. Нұр-Сұлтан қаласы гандбол федерациясы ұйымдастырған оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Елорда әкімдігі және федерацияның қолдауымен жарысқа жан-жақты дайындалып, жоғары нәтиже көрсеттік. Басқа командалармен салыстырғанда біздің құрама ойыншыларының көбі 2004 жылғы қыздар. Бірақ оған қарамастан қыздар жоспарды жүз пайызға орындап шықты. Осы бесінші жастар ойындарының қорытындысы бойынша біздің командадан жеті қызымыз еліміздің жастар құрамасына ілікті. Бұл дегеніміз үлкен жетістік. Енді осы жылдың қазан айында Кореяда өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатында қыздарымыз ел намысын қорғайды, - деді бас бапкер.Естеріңізге сала кетейік наурыз айында бастау алған V жастар ойындары тамыз айында өз мәресіне жетеді. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада еліміздің барлық өңірінен жиналған спортшылар спорттың 36 түрі бойынша сынға түсуде.