Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол көлік оқиғасы Павлодар - Семей тас жолының 50-шақырымында, Павлодар ауданы, Новоямышево ауылының маңында орын алды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол апаты 25 шілде күні сағат 11:30-да болған.
«Фольксваген Венто» көлігінің 37 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың шетінде тұрған ауыл тұрғынын, 71 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жарақат алған әйел оқиға орнында қайтыс болды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінде.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Көлік айыппұл тұрағына қойылған.
Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі - «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша жүргізілуде.