Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 400-ден астам салымшысы мен тұрғын үйге кезекте тұрған салымшылардың бір бөлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер алды, деп хабарлады елорданың ресми сайты.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарын жаңа қоныстарымен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қуанарлық жайт. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен "Нұрлы Жер" мемлекеттік қолжетімді тұрғын үй бағдарламасының арқасында сіздер көптен күткен пәтерлерге ие болып отырсыздар. Тұрғын үй кешенінің орналасқан жері жақсы, сол жағалауда. Қоныстарыңыз құтты болсын, Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы аласыздар! 2020 жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында емхана, балаларға арналған шағын орталықтар, "Кәсіпкер ана" орталығы, полиция пункті оңалту орталықтары жұмыс істейді. Осы жылы қала тұрғындарына 3,5 мың пәтер берілді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемін 3 есеге арттырамыз, - деді Алтай Көлгінов.
"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, осы жылы 10,5 мыңнан астам елорда тұрғындары пәтер алды. Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 208 мыңнан астам банк салымшысы бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне 3,5% - дан 5% - ға дейін тұрғын үй сатып алуға несие береді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 9,5 мыңнан астам тұрғыны тұрғын үй сатып алуға несие алды, 51 мың тұрғын депозит ашты.