Елордалық оқушы ерлігі үшін марапатталды

11 Наурыз 2020, 21:14
1457
Бөлісу:
Елордалық оқушы ерлігі үшін марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың Білім басқармасы тұрғын үй ғимаратындағы өрт кезінде адамдарды эвакуациялауда көмек көрсеткен №5 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Николь Савченконы алғыс хатпен марапаттады.

Биыл 12 ақпанда Күйші Дина көшесі, 39/1 үйде өрт шықты. Бұл үйде тұратын Николь Савченко батылдық танытып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін күйіктермен эвакуацияланған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Осы оқиғаның куәгері болған қыздың анасы Виктория Пактің айтуынша, Николдің көмегі тұрғындардың үрейін басқан. 

12 ақпанда біз тұратын үйде өрт шықты. Біз сол уақытта Николь екеуміз сабақтан келдік. Мен машинаны тұраққа қойған сәтте жарылысты естідім. Мұның бәрі біздің көз алдымызда болды. Мен пәтерде қалған анама қоңырау шалдым, Николь оған өрт кезінде өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріп, нұсқау бере бастады. Бұл нұсқаулар анамызға көмектесті. Содан соң мен жедел қызметтерге телефон соқтым, Николь зардап шеккендерге көмектесті. Өзге ересектер телефонына өрт видеосын түсіріп жатқанда, Николь зардап шеккен көршілерінің жарасын таңып, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін түсіндіріп жатты. Сондай-ақ ол стрессті жеңе алмағандарға психологиялық көмек көрсетті, - деді Виктория Пак. 

Көршілері де Николді әрқашан көмекке келуге дайын, қарапайым, мейірімді қыз ретінде сипаттайды. 

Біз Николдің әжелердің ауыр сөмкелерді көтеріп, қарияларға есік ашып, жол беретіндігін әрдайым байқаймыз. Сол уақытта мен бұл қыздың өз ісіне жауапты, мейірімді екендігін көрдім. Өрт болған күні Николь жүгіріп, айналасындағылардың бәріне көмектесіп жүрді. Мен оның батылдығы мен ерлігіне таңғалдым. Николь сияқты қыздар - еліміздің мақтанышы. Біз оны мақтамаймыз, біз оны мақтан тұтамыз. Ол осыған лайық, - дейді Николдің көршісі Гүлдана Қоданова.

Никольдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде оның әрекетін ерекше деп айтуға келмейді. Ол алғашқы көмек көрсету дағдыларын "Қызыл Жарты ай" және "Қазақстан Республикасының Қызыл Кресі" халықаралық ұйымдарында игерді. 

Сонымен қатар, Николь Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге қала тұрғындарына суда, мұзда және өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Игерілген білім мен дағдылар арқылы Николь төтенше жағдайда дұрыс әрекет етті. Николь өзі туралы сөйлескенді қаламайтын қарапайымдылығымен қатар, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысатыны белгілі. Ол оқушыларға "Жедел жәрдем" және "Салауатты өмір салты" сабақтарын тегін өткізеді. Бос уақытында "Астана" клубында үстел теннисімен айналысады. Ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген қыз есеп шығарғанды, музыкалық аспаптарда ойнағанды ұнатады. Сондай-ақ Николь үйдің ауласында сенбілік ұйымдастырып, панасыз жануарларды уақытша ұстау орындарына орналастырады.

Өзгелердің жаңалығы