Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон алдағы күндері жоспарланған бірқатар ірі шараға қатысу үшін елімізге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аса мәртебелі қонақты елорда әуежайында Премьер-министр Әлихан Смайылов қарсы алды.
Тәжікстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі VI саммитке, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысына және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысады.
Анықтама: 12-13 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді, оған барлығы 50-ге жуық делегация қатысады.
14 қазанда елордада ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтеді, оның аясында ұйым қызметінің негізгі мәселелері талқыланады. Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысады.
Сонымен қатар 14 қазанда Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтеді. Онда сауда, мәдениет, қауіпсіздік және т.б. салалардағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланады.