Қысқы кезең басынан бері елорда көшелерінен 800 мың текше метрге жуық қар шығарылды, бұл шамамен 60 мың жүк рейсін құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Демалыс күндері қалың қар түріндегі жауын-шашын жауды. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 31 желтоқсанда елордада қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 20 м/с, кей жерлерде 28 м/с жетеді.
Тұрғындардың ыңғайлы жүріп-тұруы үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті.
Түнгі ауысымға сағат 18.00-ден бастап Астана көшелеріне 1000-нан астам арнайы техника мен 300-ге жуық жол жұмысшысы шықты.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Олар жүк көліктерінің нөмірлерін оқу жүйесімен жабдықталған. Ол жерде бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын жолда аса сақ болуды, жол қозғалысы ережелерін сақтауды және ұзақ сапарға шықпауды сұраймыз, - деп жазды әкімдіктен.