Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС-нің өкілдері елордадағы коммуналдық-тұрмыстық секторға арналған көмірді сату нүктелеріне арнайы барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 300-ге жуық темір жол тұйығы болса, оның 11-і ел астанасында орналасқан.
ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша, халықты көмірмен қамтамасыз ету жұмысы министрліктің тұрақты бақылауында. Биыл жылыту маусымына дайындық наурыз айында басталған. Қазір бұл тарапта күн сайын талдау жасалады.
Министрлік ел азаматтарын дер кезінде көмірмен қамтамасыз ету мақсатында күнделікті жергілікті атқарушы органдармен, ҚТЖ және көмір разрездерімен жиындар өткізеді. Сонымен қатар біз «Қазтеміртранс» АҚ вагондар паркін тек көмір тасымалдаумен ғана айналысу үшін қайта топтастырдық. Бұл ретте, ҚТТ вагондарына тарифтер нарық құнынан 20-30 пайызға арзан, – дейді Тұрар Жолмағамбетов.
Жалпы соңғы 4 айда елордаға 75 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл көрсеткіш әкімдік мәлімдеген қажеттіліктен екі есе жоғары (37 мың тонна). Ал, қыркүйек айына коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындар үшін көмір өніміне қажеттілік жоспары 67 мың тоннаны құрайды. Бүгінде бұл көлемнің жартысы бас қалаға жеткізілген.
Көктал ауданында орналасқан «Бек-Айда» ЖК көмір қоймасының сыйымдылығы 12-ге жуық вагонды құрайды.
Өткен жылы күніне 150-200 көмір тиелген көлік жөнелтілді. Көмір бірден вагоннан сатылды. Сәйкесінше, ұзын-сонар кезек болды. Қазір мұндай дүрбелең жоқ. Азаматтар жаз мезгілінен бастап көмір сатып алуда. Сонымен қатар газдандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде халықтың 50-60 пайызы көмір сатып алған, – дейді көмір қоймасының меңгерушісі Дулат Құсайынов.
Ал, тұйықтарда Майкөбе көмірінің бір тоннасының бағасы 12 500 теңге, Шұбаркөл көмірі – 13 800 теңге және Қаражыра көмірінің тоннасы 14 500 теңгеден сатылып жатыр.