Елордадағы полицияға жергілікті тұрғын қалалық мешіттердің бірінде тоны ұрланғаны жөнінде шағым түсірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде "Қылмысты тоқтату" жедел-алдын алу шарасының барысында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, "Iceberg" маркалы қымбат тонды ұрлады деген күдікпен 22 жастағы жас жігітті анықтады.
Күдікті мешітке жамағаттың кейпін жамылып келіп, намазға жығылуға кеткен азаматтың күртесін киіп мешіттен еш қиындықсыз шығып кетеді. Осылайша қала тұрғынына 400 мың теңгедей шығын келтірді. Айыптаумен әшкереленген адам қылмыс жасағанын мойындады. Күдікті ұрланған киімді иесіне қайтарып берді, - делінген ақпаратта.
Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да 2 ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтады.