Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Интернациональный елді мекенінде жергілікті тұрғындардың бос уақытын, демалысын пайдалы өткізу үшін ауқымды абаттандыру жұмысы жүргізіледі.
Күн райы жылынған сәттен бастап мұнда екі жаңа гүлзардың құрылысы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Интернациональный елді мекеніндегі Көксай, Көлсай және Мереке көшелерінде қазір қоғамдық кеңістікті жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұнда үлкен футбол алаңы салынып, ескісінің орнына баскетбол алаңы орнатылады. Сол сияқты тас төселеді. Гүлзар аумағында жаңа балалар алаңы ашлады, ол ескісіне қарағанда бірнеше есе үлкен болмақ, сол сияқты тренажері бар воркаут аймағы, серуендеуге және демалуға арналған аумақ қарастырылады. Бұрын бұл жерде алаң жабдықталғанмен, тиісті деңгейде жасалмаған еді, сондықтан оны қайта салу туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыс 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Речной көшесінде қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының көмегімен шағын жағажайы бар тағы бір алаң жабдықталып жатыр. Мұнда ойын алаңы, жаттығу, демалыс және серуендеу алаңдары болмақ.
Сондай-ақ, аталмыш елді мекендегі №44 мектепке жапсарласа құрылыс бастау да аса маңызды. Бұл оқушы орындарының санын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 600 оқушыға арналған мектепте мыңнан астам бала оқиды.
Қосымша оқу орнының қажеттілігі туралы жергілікт тұрғындар Алматы ауданының әкімімен кездесуінде көтерген.
Қолданыстағы мектептің ғимараты 1972 жылы салынған, ал одан бері елді мекен тұрғындарының саны айтарлықтай өсті. Қазіргі уақытта Интернациональный елді мекенінде 10 мыңға жуық адам тұрады, олардың екі мыңнан астамы – балалар.
Мектепке жапсаржай салу жұмысын осы жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.