Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалада қатаң санитарлық шаралар сақтала отырып, қоғамдық көлік жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
3 тамызда елордада қоғамдық көліктер қайта жүре бастады. Сонымен бірге, CTS қызметкерлерімен маршруттардың деректерге негізделген жұмыс жүктемесін және қозғалыс кестелерін модельдеу бойынша талдау жүргізілді.
Бүгін қоғамдық көліктер өз жұмысын бастады, бірақ әзірге жедел маршруттар мен қала маңындағы маршруттардың қозғалысы тоқтатылды.Көліктік бақылау қызметкерлері қоғамдық көліктерде маска тағу тәртібінің сақталуын қадағалауда. Жүргізушілердің маска тағуы, автобустарда дезинфекция құралдары болуы қадағаланады. Жағдай тұрақты. Жолаушылар легі орташа деңгейде сақталуда, - деді "City Transportation Systems" ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов.
Автобустар сағат 6:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Автобусқа отырғызу тек алдыңғы есік арқылы жүзеге асырылады. Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жасалады.
Біз жұмысымызды сағындық! Барлық жолаушылар санитартя талаптарын сақтайды. Адамдар маскасыз кіріп жатқан жоқ, - дейді №1 автобус паркінің жүргізушісі Мейрам Дәулетбеков.
Сонымен қатар, көліктік бақылау департаменті күн сайын қоғамдық көлікте санитария нормаларын сақтау бойынша рейд жүргізеді.