Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Елордада «Заң үстемдігі және Қазақстандағы жас құқық бұзушыларды оңалту» жобасының аясында жас құқық бұзушыларды оңалту орталығы ашылды. 200 құқық бұзған жас азамат орталықта кешенді оңалту бағдарламасынан өтетін болады.
Жоба Қазақстан жастарының арасындағы қылмыс пен рецидив қатерлерін төмендетуге, жас құқық бұзушыларды әлеуметтік оңалтуда кешенді интервенциялық модельді дамытуға бағытталған. Жоба барысында қатысушылар әлеуметтік және азаматтық дағдыларды үйреніп, психологтармен жұмыс істейді және коммуникация, өзін-өзі таныстыру, көшбасшылық, түйіндеме жазу, жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар бойынша тренингтер өтеді.
«Қиын өмірлік жағдайда қалған адам жан-жақты қолдауды қажет етеді. Алайда қоғамда олар туралы негативті бейне қалыптасқан. Бұл бейне қоғамның оларды қабылдауына және құқық бұзған жастардың жаңа өмірге дұрыс бейімделуі мен қайта әлеуметтендіруге кедергі келтіреді. Сондықтан біз оларға психологиялық көмек түрлерінің кең мүмкіндіктерін беруге тырысамыз», - дейді Орталықтың бас психологы Анна Вовк.
Оқыту мен психологиялық оңалту кезеңінен кейін жастар еріктілік жобаларына, Жұмыспен қамту орталығының бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Ұйымдастырушылар жас азаматтарға жұмыс тауып, жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырып, оқу орындарымен кездестіріп, білім алып, қызметке тұруға көмектеседі.
Тренерлер мен психологтар мінездемелеріне сәйкес 200 қатысушы арасынан 10 адам ары қарай қылмыстардың алдын-алу жобасының тренері ретінде оқуын жалғастыруға іріктеледі. Жоба аяқталғанша іріктелген қатысушылар өздерінің әлеуметтік немесе бизнес-жобаларын бастау үшін стипендия ала алатын болады.
«Қылмыстардың 50%-ы 30 жасқа дейінгі жастармен жасалады. Жастар арасындағы ең жиі кездесетін қылмыс түрлері – ұрлық және есірткімен байланысты қылмыстар. Өз өмірін жаңадан бастаған жасқа қамауға алыну – ірі сынақ болып табылады. Соңғы бағаларға сәйкес, жастар қылмыстарының қайталану деңгейі тым жоғары көрсеткіште. Осыған байланысты біз БАҚ өкілері мен қоғам назарын жастар қылмысына аударуын сұраймыз», - деді пресс-конференцияда Әлеуметтік және тұрақты даму қорының басшысы Олжас Искаков.