Астанада тұрақты энергетика тақырыбына арналған мурал ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астанада тұрақты энергетика тақырыбына арналған мурал ашылды. Ол қаладағы энергияны үнемдейтін мектеп деп танылған №59 мектептің қабырғасына салынды.
Ашылуда мектептің би және ән ансамбльдері өнерлерін ортаға салды және тұрақты энергия тақырыбына арналған қабырға суретін кезең-кезеңімен салу бойынша видео көрсетілім көрсетілді.
Еуропа Одағының атынан осы муралды сыйлағанымызға қуанамыз. Ол «Жарқын болашақ үшін тұрақты энергия» деп аталады. Дәл осы жұмыс Қазақстан азаматтары арасында муралдың үздік дизайнына ЕО конкурсына ұсынылған 40 жұмыстың ішінен таңдалды. Байқау комиссиясы оған дизайн бойынша ғана емес, ең бастысы, идеясы бойынша да артықшылық берді. Өз басым бұл жұмысты балаларымыздың болашағы қазіргі таңдауымызға байланысты деген жолдау деп білемін. Тұрақты энергияны таңдау, экологияға тарайтын қалдықтарды азайту және қоршаған ортаны қорғау әрбір адамның денсаулығы мен бақыты үшін өте маңызды, - деді Еуроодақтың Қазақстандағы Елшісі Кесттутис Янкаускас.
Мурал – Еуропа Одағының (ЕО) энергияны үнемдеу мен тиімділігін арттырудағы жетістіктері, сондай-ақ жас ұрпақтың жасыл энергия туралы хабардарлығын арттыруға қосқан үлесі үшін мектепке берген сыйы.
Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA) байқауы туралы әлеуметтік желі арқылы білдім. Мені байқаудың тақырыбы мен оның болашақ ұрпақ үшін маңызы қызықтырды. Болашақ – бүгінгі балалардың тұлғалық дамуы, сондықтан басты назар соларға аударылды. Сол жақтағы қабырға суретінде күлімсіреп тұрған екі бала, қыз бен ұл бейнеленсе, оң жақта Бәйтерек арқылы болашақта қаланың көрінісі бейнеленген. Суреттегі бала менің жиенім, ал суреттің қалған бөлігінде Қазақстандағы барлық баланың жарқын болашағы туралы оның арманы. Көк аспан мен ақ құстар таза ауаны білдіреді. Ал кішкентай жұлдызшалар балалық шақ армандарын жүзеге асыруға деген ұмтылысты білдіреді, сонымен қатар Еуропалық Одақтың туындағы жұлдыздарға сілтеме болып саналады. Фонда сары және көк түстер басым, бұл күн панельдері мен жел турбиналары болашақта энергия көзі және өмірдің ажырамас бөлігі болатынын білдіреді, - дейді ЕО байқауының авторы және жеңімпазы Жұлдыз Серікова.
Қабырғаның ашылу салтанатын SECCA жобасы ұйымдастырды. Байқау жеңімпаздары энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия саласындағы еуропалық тәжірибені зерделеу үшін 2023 жылдың қарашасына жоспарланған Еуропаға SECCA оқу сапарына қатысады.