Елордада «Заманауи қазақ интеллигенция» іс-шарасы өтті

25 Сәуір 2023, 13:23
1369
Бөлісу:
Елордада «Заманауи қазақ интеллигенция»  іс-шарасы өтті
Фото: unknownkazakh

Астанада Диас Камеридановтың жетекшілігімен елімізге әртүрлі салада үлес қосып жатқан спикерлермен бірге кезекті үшінші «Unknown Kazakh Talks - Заманауи қазақ интеллигенциясы» іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Диас Камериданов жұбайы Айгерім Камеридановамен бірге Instagram желісінде “@unknownkazakh” лақап атымен танымал медиа парақшасын жүргізеді. Қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттау, ата-бабаларымыз қалдырған салт-дәстүрді жас ұрпаққа таныту мақсатын ұстанған Диас және Айгерім 2022 жылы әйгілі Forbes “30 under 30” рейтингіне кірді. Бүгінде жұптың 160 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Осы жылдың басында “Unknown Kitap” клубының аясында тек қана қазақ тілінде интеллектуалды ойларымен ашық түрде бөлісетін орта қалыптастырды. Бүгінгі күнге дейін білім, өнер, мәдениет және т.б. салада еңбек сіңіріп жүрген барлығы 21 адам “Unknown Kazakh Talks’ іс-шарасында спикер болып, өз тәжірбиелері мен мотивациялық ойларымен бөлісті.

Осы жолы спикерлер қатарында режиссер Қуаныш Бейсек, актер Данияр Алшынов, виолончелде ойнайтын Бағжан Октябрь, кәсіпкер Нұрмұхаммед Досыбаев, медиаменеджр Мақпал Жұмабай, музыкант Итикеев Бауыржан және офтальмохирург Назарова Ләззат болды.

Нұрмұхаммед Досыбаев – кәсіпкер, Astana Garden School негізін қалаушы, Кембридж университетінің түлегі. 14 жыл бойы білім саласында қызмет етіп келеді. Болашақ мектептен басталады деген ой аясында еліміздің орта білім саласын жаңғырту мақсатында мектептерге көңіл бөлуді дұрыс деп санады. Нәтижесінде елордамыздың ең үздік мектеп қатарына кіретін Astana Garden School мектебін ашты. “Балалардың қолайлы жағдайда жоғары деңгейдегі білім алуы – саналы ұрпақтың негізгі кілті” деген тұжырыммен бөлісті.

Астана қаласындағы бас лазерлік көз Astana Vision клиниканың жетекшісі рефракциялық офтальмохирург Назарова Ләззат іс-шарада көздің нашар көруін қайта қалпына келтірудің жолы жайлы бірқатар білімімен бөлісті. Келген қонақтарға көз лазерлік операциясының халық арасында танылған мифтердің жалған екенің дәлелдеп, шын мәнінде операция барынша ауыртпалықсыз, тез әрі жоғары деңгейде өтетінін көрсетті және бірнеше сұрақтарға жауап берді.

Отандық фильмдерге түсіп, халық арасында сүйікті актерлердің бірі атанған Данияр Алшынов қазақ тілінде сөйлеу кезінде қиыншылықтарға қарамастан, қазақша өзіннің сүйікті ісі туралы айтып, қонақтардың көңілін әзілдермен көтере алды. “Мұндай іс-шаралар қазақ тілді контенттің көбеюіне септігін тигізеді” деген оймен бөлісті.

Келесі спикер – DJ, музыкант, саундпродюсер, Made in KZ тобының негізін қалаушы Итекеев Бауыржан. Сүйікті ісіңмен айналысу болашақта өзің күтпеген үлкен жетістіктер мен пайда тигізетінің өзінің танымалдыққа алып келген оқиғасы негізінде баяндап берді. Алғашында әлеуметтік желілерге каверлерін салып отырған музыкант бүгінде Made in KZ тобымен бірге еліміздің әртүрлі өңірлеріне гастрольдық сапарлармен барып, өнерлерін көрсетуде.

Қазақтың өнерін музыка, театр, әдебиет арқылы насихаттап жүрген кезекті спикер Мақпал Жұмабай авторлық “OzgeЕріс” жобасы арқылы шығармашылық жағынан қоғамға тигізе ала алатын пайдасы туралы ой қозғады. Қоғамдық сананы қалыптастыру кезіндегі өнердің орнын және негізгі төрт ұстаныммен бөлісті. Олар: дұрыс орта құру, қазақ тілін дамыту, өзіне ұнайтын іспен айналысу және құндылықты жоғары қою.

“Мен үшін саханаға виолончельсіз шығу ыңғайсыз екен”- Бағжан Октябрь. Бүгінде виолончель арқылы өнерін шыңдап жүрген Бағжан Октябрь әлем бойынша шығармашылық байқауларға қатысып, орын алып, еліміздің өнер деңгейін көтеріп жүр. Виолончельге деген махаббаты студент кезінде пайда болғанын және музыка, көрермендермен байланыс, сахнаға шығып өнеріңді көрсету оған бақыт сезімін сыйлатынын мойындады.

Соңғы болып жастар арасында танымал режиссер Қуаныш Бейсек сөз сөйледі. Ирина Кайратовна тобының экс мүшесі қазіргі таңда еліміздің жас азаматтарын мәдени тұрғыда дамытуға бағытталған авторлық “Yelim-ai Education” жобасын ашты. Бұл жобаның мақсаты жас буынға графикалық дизайн, видеомонтаж үйрету арқылы білімді шыңдайтын контентті жасау. Мәселен, 2022 жылдың жазында Қуаныш “Жалаңаш” ауылына барып жергілікті мектеп оқушыларына бір апта бойы актерлік, операторлық және режиссерлық шеберлікпен таныстырып, деректі фильм түсірді. Оқушыларға видеомонтаж дағдыларын үйрету арқылы әнші Enlik-ке бейнебаян әзірледі. Бүгінде Қуаныш мектеп оқушыларына да, үлкендерге де арналған сапалы видео сабақтар түсіруді қолға алуда. Мысалы, YouTube желісінде “Yelim-ai Education” арнасында домбыра үйрену видео сабақтары бар.

Іс-шараның соңында Диас пен Айгерім болашақта қазақ тілді интеллигенциясын дамытуға және кеңейту мақсат аясында жұмыстарды көбейтеміз деген ниетімен бөлісіп, көрермендер мен спикерлерге, серіктестерге алғысын білдірді.

Автор: Мерей Әміртай

Өзгелердің жаңалығы