Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полицейлер заңсыз айналымнан жалпы сомасы 3,7 млн теңгеге медициналық препараттарды тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері дәрілік заттар мен медициналық құралдардың заңсыз сатылуын анықтау бойынша жедел-алдын алу іс-шараларының алғашқы тәулігінде, заңсыз айналымнан медициналық маскалар, комбинезондар, термометрлер, медициналық көзілдіріктер мен антисептикалық құралдардың ірі партиясын тәркіледі.Тәртіп сақшылары хабарландыру сайттары арқылы термометр, ингавирин, парацетамол, цефтриаксон және басқа да дәрі-дәрмектер сатқан интернет-қолданушыларды анықтады. Тәркіленген дәрі-дәрмектің жалпы сомасы 3 млн 700 мың теңгені құрады. Полиция қызметкерлері 63 дана термометрді, сондай-ақ жалпы сомасы 3 млн теңге шамасында медициналық плащ, маскаларды заңсыз сатқан қала тұрғынын анықтады.
Сонымен қатар Түркістан көшесінде 200 мың теңге сомасында 100 литр антисептикалық құрылғыны заңсыз сату фактісі анықталды. Барлығы полицияға жеткізілді. Әрбір анықталған факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық бағасы берілетін болады.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті егер де сізге дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактісі мәлім болған жағдайда, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгінуді немесе “102” нөміріне қоңырау шалуды сұрайды.