Елордада туристер арасында ең танымал орындар жарияланды

16 Маусым 2020, 08:33
1560
Бөлісу:
Елордада туристер арасында ең танымал орындар жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әр қаланың ерекшелігіне айналған және адамдарды магнит сияқты тартатын символдық орындар бар. Елорда күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты осындай орындарды сұрап-білді.  

Нұр-Сұлтан қаласында қандай тарихи-мәдени ескерткіштер бар? Елорда тұрғындары мен қонақтары ең көп баратын жерлер қандай? Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең қолайлы жер – монументалды өнер ескерткіштері орнатылған саябақтар. Сондай-ақ "Бәйтерек" сәулеттік құрылыстары, "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы, ЭКСПО ауданы және т.б. ерекше орындар, – дейді "Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясы" МКҚК директоры Нарима Мұхамбеталина.

Елорданың 20 жылдығына орай "Аймақтардың Астана қаласына тартуы" жобасы аясында бірнеше мәдени нысан ашылған болатын. Атап айтсақ, Қарағанды облысы "Қазақ еліне мың алғыс" монументі мен "Ұлытау" аллеясын сыйға тартты. Батыс Қазақстан облысы Мәншүк Мәметованың ескерткіші мен "Ақжайық" саябағын тарту етті.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы Тәуелсіздік алаңының ортасында "Бейбітшілік қабырғасы" монументін орнатты. Атырау облысы Есіл өзенінің жағалауындағы жаңа жаяу жүргіншілер көпірін салып, сыйға тарту етті. Ал Қызылорда облысы өз қаласының мән-мағынасына сай ғарыштық сыйлық жасады, яғни ашық аспан астындағы зымыран-ғарыштық техника мұражайын ашты.

ШҚО Ботаникалық бақтың аумағында жарық беретін музыкалық субұрқақ орнатты. Сонымен қатар Алматы облысы бұрынғы "Арай" елордалық саябағына ірі масштабы қайта жөндеу жүргізіп, оны "Жетісу" демалыс саябағына ауыстырып, іске қосты.

Нарима Абылқызының айтуынша, "Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясы" қаладағы тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады.

Нұр-Сұлтан қаласының оқушылары мен студенттері үшін ашық сабақтар ұйымдастырып, елорда ескерткіштерінің жанында мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізеді, жыл сайын салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімін жасайды.

Айта кетсек, 2019 жылы С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтың 125 жылдығына арналған "Үш арыс" ескерткіші орнатылды. Елордада мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енетін 46 тарихи-мәдени нысан бар. Оның екеуі республикалық маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштер қатарына қосылған. Бүгінде жаңадан 51 нысан анықталып, есепке алынған. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің жалпы саны – 97. Оның ішінде сәулет және тарих ескерткіші – 46, монументалды өнер ескерткіші – 38, археология ескерткіші -13.



Өзгелердің жаңалығы