Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас қалада 16 қараша күні "True or False" медиасауаттылық бойынша чемпионат өтеді.
Бұл іс-шара Қоғамдық даму істері басқармасының ұйымдастыруымен Жастар жылын жүзеге асыру аясында қазан-қараша айларында Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеген сыни ойлау мектебі жұмысының қорытындысы болып саналады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Оған 14-29 жас аралығындағы 150-ден астам жас оқудан өтті. Қатысушылар киберқауіпсіздік, медиасауаттылық, IT, журналистика саласындағы жетекші сарапшылардан 8 дәріс тыңдады.
Брейн-ринг форматында өтетін медиасауаттылық бойынша чемпионатқа 50 қатысушы іріктелді. Олар фактчекинг, фейкньюс, насихаттау, ақпараттық гигиена және т.б. тақырыптар бойынша алған білімдерімен сайысатын болады.
Чемпионаттың жүлде қоры 300 000 теңгені құрайды.
Іс-шара аясында танымал журналистер, блогерлер мен мамандар TED форматында кездесу өткізеді. Оған Нұр-Сұлтан қаласының Мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері қатысады.