Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада өткен білім беру саласындағы жалпы қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 120 жұмыс беруші 2000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шараны Нұр-Сұлтан әкімдігі мен қаланың Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды. 3 сағат ішінде бос орындар жәрмеңкесіне 1000-нан астам жұмыс іздеуші қатысты.Елорданың көптеген оқу орындарына орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі мен математика пәндерінің мұғалімдері, сонымен қатар балабақша тәрбиешілерінің жетіспейтіндігі белгілі болды. Жыл сайын осындай жәрмеңкелерге қатысуға ниет білдіретін жұмыс берушілер санының көбейіп келе жатқандығы байқалады. Мұндай іс-шараларға келушілер саны да артып келеді.
Айта кету керек, жыл басынан бері елорданың жұмыспен қамту орталығы арқылы 4527-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 129, қоғамдық жұмыстарға 1982, ал тұрақты жұмысқа 1722 адам тұрды.