Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Байтақ» партиясы мен Әділетті Қазақстан республикалық ғылыми-инновациялық орталығы қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры және Қазақстанның қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастаған еліміздің бір топ тұлғаларын төсбелгімен марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басқосудың мақсаты – егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбегін ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Жиын барысында Тәуелсіз Қазақстанның 35 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері, қоғамдық-саяси реформалардың маңызы, мемлекетшілдік құндылықтарын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда адалдық, жауапкершілік және әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған бастамаларының өзектілігі атап өтілді.
Срәсімде алтанатты ғылым, білім, мәдениет, журналистика, құқық қорғау және қоғамдық қызмет салаларында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға қоғамдық «Парасатты тұлға» төсбелгісі табысталды.
Іс-шарада сөз сөйлеген «Байтақ» партиясы Орталық сайлау штабы басшысының орынбасары, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Дидар Сәтбеков экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғам үшін аса маңызды міндет екенін айтты.
«Бүгінде экология мәселесі әлемдегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Қоршаған ортаны қорғау туралы сөз болғанда түрлі бастамалар мен жобаларды жиі айтамыз. Алайда оның түпкі мәні – келер ұрпаққа таза табиғат қалдыру. Балаларымыздың болашағы үшін өзен-көлдерімізді, таза ауамызды, даламызды және тауларымызды сақтауымыз қажет. Бұл – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазақстанда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Мен әрдайым адамның туған жерге деген көзқарасы оның азаматтық жауапкершілігінің басты көрсеткіші деп есептеймін. Бірақ адамдардың көзқарасын өзгерту үшін тек дұрыс сөз айту жеткіліксіз. Нақты іс-әрекетпен үлгі көрсету қажет. Сонда ғана қоғамда табиғатқа жанашырлық мәдениеті қалыптасады», - деді ол.
Дидар Сәтбеков атап өткендей, табиғатты қорғау – барлығымыздың ортақ ісіміз. Ортақ үйімізді келер ұрпаққа аман жеткізу үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек.
Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым өкілдері, профессорлар, қоғам белсенділері, журналистер, құқық қорғау органдарының ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қатысушылар тәуелсіздіктің басты құндылықтары – ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, елдік мүдде мен тарихи сананы нығайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, қоғамда адал еңбек пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Салтанатты жиын соңында ұйымдастырушылар қоғамдық «Парасатты тұлға» төсбелгісімен марапатталған азаматтарды құттықтап, олардың мемлекет пен қоғамның дамуына қосқан үлесі өскелең ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.