Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен «30 игі іс» акциясының аясында «Тәуелсіздік және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің дамуы» конференциясы өтті.
Жиынның басты мақсаты еліміздің егемендік жылдары агроөнеркәсіп кешені мен ауылды аймақтарды дамытудағы 30 жылдық тарихын шолып, қолжеткізген жетістіктерді жариялап, тәуелсіздікке тағзым ету.
Конференция жұмысына 70-ке жуық ғалым, өндіріс озаттары мен партия мүшелері қатысты.
Іс-шара ауыл шаруашылығындағы ең үздік жобаларды көрсетуге арнайы ұйымдастырылған көрмеден басталды.
Қатысушылардың назарына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және оның еншілес ғылыми орталықтары мен тәжірибелік станцияларының өсімдік, мал, орман шаруашылығы, цифрландыру, дәл егіншілік пен қайта өңдеу бағыттарындағы жүргізіліп жатқан ғылыми жобалары мен озық кейстері ұсынылды.
Жиынға қатысқан Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары ғылым мен өндірістің үздік өнімдерін көріп, заманауи зертханалар мен космомониторинг жүйесінің қайнаркөзі болып табылатын ГИС орталығының жұмысымен танысты.
Конференцияның жұмысын «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенаты депутаты Әли Бектаев ашты.
Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие екендігін жеткізді. Оның айтуынша мемлекетіміз аз ғана уақыт ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістікке қол жеткізді. Олардың негізгілері – шекараның нақты бекітілуі, мемлекетіміздің ядролық қарудан бас тартуы, халықтар достығы мен даму жолындағы Қазақстанның өзіндік саяси-экономикалық моделі.
Әли Бектаевтың атап өтуінше, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қор ел экономикасын әлемді шарпыған қаржы дағдарыстарынан сақтап қалған.
Елбасы мен Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына әрдайым ерекше назар аударып, салаға қажет көмектің барлығын беріп келе жатқанын жеткізді. Осыған орай «Ауыл» партиясының лидері жиынға қатысқан шаруаларды сенімді ақтап, азық-түлік қауіпсіздігінің одан ары нығайтуға шақырды.
Әли Бектаев аграрлы сала мен ауылды аумақтардың даму мәселелері партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, әріптестерін АӨК субъектілеріне қажет қолдау көрсетуді тапсырды.
Жиналыста сөз сөйлеген ауыл-шаруашылығының экс-вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен қаржыгер Берік Бисенғалиев аграрлы реформалардың сындарлы кезеңдерін еске алып, мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижелерін тілге тиек етті.
Олардың айтуынша 2000 жылдан бері агроөнеркәсіптің дамуына бөлінетін субсидия мен несие көлемі жыл сайын еселеніп өскен.
Бұл еліміздегі саяси ахуалы мен бюджеттік саясаттың тұрақтылығын көрсетеді- деді спикерлер.Баяндама жасағандардың арасында егемендіктің алғашқы қарлығаштары атанған шаруашылықтардың жетекшілері мен тәуелсіздікпен құрдас жас кәсіпкерлер болды. Олардың айтуынша Елбасы мен Президентіміздің агробизнеске үлкен үмітпен қарайтыны бекер емес. Бүгінгі күні Қазақстанға заманауи технологияларды алып келіп, оны жетілдіре отырып агробизнестің тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығын шын мәнінде ел экономикасының драйверіне айналдыруға болады.
Жиын соңында «Ауыл» партиясының төрағасы отыз жылда болған сансыз сынаққа төзіп, азық-түлік қауіпсіздігінің шайқалмауына сеп болған шаруаларға алғыс білдірді.