Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 18 тамызда тағы бір бала суға кетті. Кеше кешке 18 сағат 39 минутта елордалық құтқару қызметінің «101» пультіне Сарыарқа ауданы Аққорған көшесі бойынша Есіл өзеніне қыз баланың суға батуы бойынша хабарлама келіп түскен.
Жедел түрде төтенше жағдай орнына 1 техника және 4 құтқарушы жіберілді. Құтқарушылар шақырту орнына жеткен бойда болған жағдайды жедел бағалап, сүңгуірлер тобы су түбін зерделеп, қызды іздестіру жұмыстарына жедел кіріскен. Бұл жерде қазба жұмыстарының жүргізіліп жатуы және су түбінің батпақты болуы іздестіру жұмыстарын қиындатқан, сонымен қатар, бұл учаскеде суға түсуге рұқсат жоқ. Алайда қиындықтарға қарамастан құтқарушылар 20 сағат 47 минутта сүңгуір жабдықтарының көмегімен 2008 жылы туған қыз баланың денесін судан алып шықты.
Нұр-Сұлтана қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, суға шомылу маусымының басынан бастап елорда аумағында 9 адам суға батып кеткен, оның 5-еуі - балалар. Қаза болу фактілерінің барлығы суға түсуге тыйым салынған орындарда тіркелген.
Суға түсу маусымының басынан бастап қалалық Полиция қызметкерлері жалпы суды пайдалану ережесін бұзған, тыйым салынған жерлерде суға шомылған тұлғаларға қатысты 563 әкімшілік хаттама толтырылған. ТЖД қызметкерлері мен еріктілер рейдтік шаралар кезінде 55 000-нан астам ескерту парақшасы мен жадынама таратқан. Алайда жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан тұрғындардың белгіленбеген жерлерде суға түсу фактілері артуда. Әсіресе, бала өлімінің саны басым болып тұр.