Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада тағы бір компания маска шығаруды қолға алды. Бұл маскалар қаладағы дәріханалар желісіне түседі, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Мен өз әріптестеріммен сөйлестім. Мұндай сәтте қалай қол қусырып қарап отырамыз? Мемлекетке қандай да бір пайда әкелейік дедім. Осылайша, мамандар, технологтар, медицина қызметкерлері, инженерлер тобы жедел жиналды. Өндірістік желі құрылып, шикізат сатып алынды. Қазір бізде 300 мың маска дайын болды, – дейді "Skinwood" ЖШС директоры Әділхан Ахметов.
23 наурыздан 17 сәуірге дейін елдің бас шаһарына 3 миллион 300 мыңнан астам маска жеткізілген.
Қалалық емханаларға, қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға, жүкті әйелдерге және 65 жастан асқан қарттарға 300 мың маска берілді. Елбасының тапсырмасымен "Біргеміз!" акциясы аясында 2 млн маска бөлініп, ол 40 мың аз қамтылған отбасыларға таратылады. Сондай-ақ "Біргеміз!" республикалық еріктілер фронт-офисі ұйымдастырған акция аясында елордалық жастар саясаты басқармасымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға 100 мың маска таратылды. Ал 40 мың аз қамтылған отбасы медициналық маскалар жиынтығын алады. Тағы 30 мың маска елорда тұрғындарына тегін таратылды, - делінген қалалық әкімдіктің мәліметінде.Қала әкімдігі "СК Фармация" компаниясымен бірлесіп, жүйелі түрде медициналық маска, басқа да қорғаныс құралдарын жеткізуде.