Елордада су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Қаладағы су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 21-ге дейін азайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа келтірілді. Су тасқыны салдарының алдын алу және жою үшін инертті материалдардың қоры дайындалды.
Су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өтуге дайындық жүргізу шеңберінде елордалық ТЖД басшылығы қаланың су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралауды жүзеге асырады.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында елорда аумағынан 3,8 млн.текше метрден астам қар шығарылды, 48 мың метрден астам арық-науа желілері тазартылды, 5000 метрден астам құбыр бумен тазартылды.
Жеке сектор тұрғындарымен үй маңындағы аумақты қардан уақтылы тазарту туралы ақпараттандырумен бірге профилактикалық әңгімелесу белсенді жүргізілуде.