Елордада соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі

12 Ақпан 2022, 15:53
3202
Бөлісу:
Елордада соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «2022 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты шешімінің жобасы дайындалған. 

Осы шешімнің жобасы «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы заңының 17-бабына сәйкес әзірленді.

Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 221/25-VI шешімімен бекітілген Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне 67 айлық есептік көрсеткіш (205 221 теңге) мөлшерінде көрсетіледі, - делінген құжатта.

Сондай-ақ ағымдағы жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 800 000 (сегіз жүз мың) теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда. Осылайша, 18 адамға 1 005 221 (миллион бес мың екі жүз жиырма бір) теңге төленеді.

Бюджеттің қосымша шығындары 14,4 (он төрт миллион төрт жүз мың) теңгені құрайды.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді және құқықтық актілерге қойылған талаптарға жауап береді. 

Шешім жобасы талқылау үшін 25 ақпанға дейін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы