Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) Президенті Аркадий Дворкович бастаған ресми делегациямен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Кездесу барысында көктемде елордада өтетін шахматтан әлем чемпоинатын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ елімізде FIDE қамқорлығымен өзге де іс-шараларды өткізу туралы да айтылды.
FIDE таңдауы біздің елге кездейсоқ түспегенін атап өткім келеді. Еліміз бүгінгі таңда тура мағынада нағыз шахмат бумын бастан кешіп жатыр. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шахмат қозғалысының дамуын жеке бақылауда ұстауда. 2022 жылы еліміз бойынша 253 мыңнан астам адам 7618 секцияда шахматпен жүйелі түрде айналысты. Жаңа оқу жылының басынан 28 мыңға жуық баланы қамтыған 654 мектепте «Шахмат» пәні факультатив ретінде енгізілді,- деді министр.
Шахматтан ел намысын қорғап жүрген Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және басқа да спортшыларды әлем таниды. Айта кету керек былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE басшысымен кездесіп, еліміздің халықаралық шахмат Федерациясымен ынтымақтастық перспективаларын талқылаған еді.
Әсел Әбілбек