Нұр-Сұлтан, 10 тамызда Қазақстанда донорлық жүректі бірінші рет трансплантациялаудың жеті жылдығына арналған шара аясында қайырымдылық велошеруі мен концерт ұйымдастырылады.
"Шеруге қатысушылар Керей-Жәнібек хандар көшесімен және Тұран даңғылымен жүріп өтеді. Ұзындығы 12 шақырымды құрайтын бағыт Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тұрағынан (Тұран даңғ., 38) басталып, Тұран даңғылымен «Астана жұлдыздары» монументіне дейін (Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жол) жалғасады. Қатысушылар осы жерден кері бұрылып, Тұран даңғылымен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына дейін жүреді. Мәреде бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылады, ал жиналған қаржы кардиохирургия саласындағы білім мен ғылымды дамытуға бағытталады. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында велошеру барысында аталған көшелерде көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Айта кетейік, қашықтықты бағындыруға 60 минут уақыт беріледі", - делінген таратылған ақпаратта. Велошеруге 16 жастан асқандардың барлығы қатыса алады, ол үшін «Жүрек орталығы» корпоративтік қорының сайтында тіркелу керек. Тіркелу құны - 5000 тг. Бірінші болып тіркелген 300 қатысушыға қордың фирмалық белгісі бар заттардан сыйлықтар табысталады. Шараға донорлық жүрек салынған пациенттер мен осы бірегей операцияларды жасаған дәрігер Юрий Пя бастаған мамандар да атсалысады.