Астанадағы «Қазақ елі» монументінің жанында Республика күніне арналған үлкен мерекелік концерт өтті. Шараға елорданың жүздеген тұрғыны мен қала қонақтары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мереке өткен алаң бірлік пен шаттықтың орталығына айналды. Қала тұрғындары отбасымен, ата-аналарымен және достарымен келіп, мерекелік атмосфераны бірге сезінді.
Концерт басталғанға дейін қонақтар үшін түрлі спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды.
«Бүгінгі концерт Республика күні тек күнтізбедегі дата емес, бұл — әр азамат өз елін мақтанышпен еске алатын ерекше күн екенін көрсетті. Бұл қуаныш әр буын өкілін бір арнаға тоғыстырды», — деді көрермендердің бірі.
Мерекелік концерт — Республика күніне арналған ауқымды қалалық бағдарлама аясындағы іс-шаралардың бірі болды. Жалпы, мереке күндері Астана бойынша 150-ге жуық мәдени және қоғамдық іс-шара өтті: концерттер, флешмобтар, көрмелер мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.