Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде Ресейдің рухани мәдениеті күндері басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Талантымен танымал ресейлік әртістер Митрополит Тихонның «Несвятые святые» әдеби-музыкалық композициясын көрермендерге ұсынды.
Композицияны Людмила Зыкина атындағы «Россия» мемлекеттік академиялық халық аспаптары ансамблі мен Сретен монастырі хоры орындады.Салтанатты шараға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Дмитрий Дюжев, сценарийші және режиссер Оксана Шелест, халық әртісі Александр Голобородько және Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алексей Кузнецов қатысты.
"Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері және Ресейдегі Қазақстан күндері игі дәстүрге айналғанын айрықша айтып өткім келеді. Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сапарына орайластырылған Мәскеуде қазақ халқының мәдениеті күндері өтті. Қазақстандық әртістер біздерге ерекше көңіл күй сыйлады. Мәдени әріптестігіміз екіжақты дамып келеді. Осы жылдың күзінде Санкт-Петербургтегі Мариинский театрына "Астана Опера" гастрольдік сапармен барады. Ал, келесі жылы "Астана Опера" Мәскеудегі Үлкен театрда өнер көрсетеді деп сенемін", - деді Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин.
Сондай-ақ, елші Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединскийдің құттықтау сөзін оқып берді.
"Ұлы орыс мәдениеті біздерге аса жақын әрі ыстық. Мыңжылдық тарихи тамыры ортақ бауырлас елдің мәдениеті мен руханиятын сөзсіз құрметтейміз. Онымен өмір сүреміз. Аталмыш мерейлі күнді асыға күткен барша қазақстандықтарды Ресей күндерінің басталуымен құттықтаймын", - деді Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.
Айта кетейік, 7-12 қазан күндері аралығында түрлі акциялар, шығармашылық концерттер, көрмелер ұйымдастырылып, кинофильмдер көрсетілмек.