Астанада Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өнер мерекесі Астана қалалық Жастар театры сахнасында Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры қойған «Жәмилә» драмасымен ашылды.
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері сахналаған қойылымды зиялы қауым өкілдері бастаған мәртебелі меймандар мен елордалық тұрғындар тамашалады.
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанады. Бұл спектакль Кеңес заманында Халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағдырын баяндайды.
Сонымен қатар облыстың өнер күні аясындаертең елорда төрінде «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылады. Көрме Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 3 бөлімнен тұрады. Ежелгі сақ дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуы мен жетістіктерін суреттейтін көрмеге Сығанақ қалашығынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер және еліміздің тарихына ғылыми жаңалық болып енетін «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары алғаш рет қойылады.
Сыр өңірінің өнер күндері «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтетін Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан Ару Астанаға» атты Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала концертімен аяқталады.