Елордада Қазақстан мен Қытайдың 80-ге жуық іскер топ өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Атамекен” ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталов Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық байланысы жайлы сөз етті.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736982_y.jpg)
Қазақстан мен Қытай арасындағы көпжылдық тиімді серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бұл қарым-қатынас өзара сенімге, әріптестікке және ортақ өркендеуге деген ұмтылысқа негізделген. Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық саясаты Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты күшейтуге ерекше мән береді. Әсіресе, жаңартылатын энергия, көлік және логистика, электронды сауда, туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және астықты терең өңдеу салалары басым бағыттар, - деді Баталов.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736983_y.jpg)
Ол атағандай, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвестиция көздері бойынша бесінші орында. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда негізгі рөл атқарады.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736981_y%20(1).jpg)
Біз отандық бизнесті белсенді қолдап, қазақстандық компаниялардың халықаралық нарықтарға, оның ішінде Қытай нарығына шығуына ықпал етеміз. Бүгінде Қазақстан жаһандық экономикалық процестерде маңызды орын алып, сенімді серіктес және “Бір белдеу, бір жол” бастамасының негізгі қатысушысы ретінде әрекет етіп келеді. Біз шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтып, ашықтықты, тұрақтылықты және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті Райымбек Баталов.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736977_y.jpg)
Оның сөзінше, 2025 жылғы маусымда “Қытай + Орталық Азия” мемлекет басшылары саммиті қарсаңында, CCPIT-пен бірлесіп “Қытай + Орталық Азия” іскерлік кеңесінің екінші отырысын өткізу жоспарда бар.
Сондай-ақ, CITIC Group және Дунгуань қаласының Халық үкіметімен бірлесіп, Қазақстан-Қытай бизнес форумын ұйымдастырамыз. Бұл алаңдар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің және жаңа іскерлік байланыстар орнатудың тиімді құралына айналады деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, “Атамекен” ҰКП “China Supply Chain” көрмесінің серіктесі болуға мүдделі. Бұл біздің елдеріміздің іскерлік қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылы Астана халықаралық форумын (AIF) өткізуді жоспарлап отырмыз және Қытай бизнесінің өкілдерін оның қатысушылары қатарынан көргіміз келеді. Бұл форум ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға және жаңа мүмкіндіктерді анықтауға арналған маңызды алаңға айналады, - деп айтты ол.
Сонымен қатар Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету кеңесінің төрағасы Рен Хунбин бұл CCPIT-дің Қытай Жаңа жылынан кейінгі алғашқы жиыны екенін атап өтті.
Біз алғашқы ел ретінде Қазақстанды таңдадық. Бұл Қытай тарапының Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық тұрғыдан өзара іс-қимылға үлкен мән беретінін тағы бір рет көрсетеді. Сонымен қатар қазіргі уақытта біздің ынтымақтастығымызды жоғары деңгейде ілгерілетіп жатқанымызды толық дәлелдеп отыр. Қытай мен Қазақстан тату көрші, жақсы дос, жақсы серіктес. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Қазақстанда экономикалық Жібек жолын салу бастамасын көтерді. Міне, осы сәттен бастап елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық құрылысының тамаша тарауы басталды. Біз сондай-ақ “Атамекен” ҰКП, “Самұрық-Қазына” қорымен және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен жемісті ынтымақтастық жүргіземіз, - деді ол.
Ал Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь елдеріміз арасындағы байланыс нығайып келе жатқанына тоқталды.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736980_y.jpg)
2024 жылы жаһандық аренада белгісіз дүниелер көп болды. Дегенмен Қытай экономикасы өте жоғары өсім мен белсенділікті көрсете алды. Қазақстан “Бір белдеу, бір жол” бастамасы алғаш рет ұсынылған жер. Сондай-ақ Қазақстан оның белсенді серіктесі. Оған Қазақстан Қытайдың қоса жақсы досы мен серіктесі. Дипломатиялық байланыстар орнатылғалы 33 жыл ішінде елдеріміз өзара сенім мен серіктестіктің ең жоғары деңгейіне өтті. 2024 жылы елдеріміз арасындағы сауда айналымы 8%-ға өсті, - деді елші.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736978_y(1).jpg)
Еске сала кетейік, форумның соңында қазақ-қытай тарапы 8 меморандумға қол қойды.
![Елордада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті](/userfiles/images/photo_5287344615755736984_y(1).jpg)