Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде 2003-2008 жылдары Иракта бітімгерлік миссия атқарған «Қазбатқа» арналған көрме ашылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оған әр жылдары бітімгерлік қызметке қатысқан әскери қызметшілер шақырылды.
Аталған шара 29 мамырда бүкіл әлемде атап өтілетін БҰҰ-ның халықаралық бітімгерлер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымы қаза тапқандарды еске алып, бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысушыларға құрмет ретінде белгілеген болатын.
2000 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда бітімгерлер батальоны құрылды. Ал 2003 жылы қарқынды дайындықтан өткен «Қазбаттың» әскери қызметшілері Ирактағы бітімгерлік операцияларға кірісті.
Аталған миссияға 2003-2008 жылдар аралығында 270-тен аса әскери қызметші қатысты. Операцияға қатысқан бес жыл ішінде жеке құрам он рет ротацияланды.
Иракта қазақстандық мамандар 4,5 миллионның үстінде түрлі оқ-дәрілерді, оның ішінде миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойып, 6700 текше метрден астам суды тазартты.
Қазақстандық әскери дәрігерлер американдық «Дельта» базасының медициналық тобында жұмыс істеуге жұмылдырылды. Негізінен ол жерде террористік шабуылдан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетілді.
Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи музейі ұйымдастырған көрмеге Иракта «Қазбат» бітімгерлік миссиясына қатысқан жауынгерлердің жеке заттары, мұрағаттық фотосуреттері қойылды.
Экспозицияның ашылуына Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары запастағы генерал-майор Мұқан Дүйсекеев, Қарулы күштердің ардагері запастағы генерал-майор Мүслім Дайыров, миссия кезінде қызметтік борышын орындауда ерлікпен қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаевтың туыстары мен жақындары қатысты.
Біздің отбасымыз Қорғаныс министрлігінің басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді. Қайраттың әріптестері анасын мерекелерде ескерусіз қалдырған емес. Қарулы күштерде қызмет етіп жүрген жұбайы Әсемнен де көмектерін аямайды, – деді қаза тапқан офицердің ағасы Сайран Құдабаев.
«Иракқа бостандық» бітімгерлік операциясына қатысқан әскери қызметшілер «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне 30 жыл» естелік белгілерімен, грамоталармен және мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің шығармашылық ұжымы шара қонақтарына арнап концерт қойды.