Елорданың коммуналдық қызметтері қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы атқарып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
20 қараша күні түстен кейін қар тазалау жұмыстарына 800-ден астам арнайы техника, сондай-ақ 300-ден астам жол жұмысшысы тартылды. Бұл күні қар полигондарына 1648 рейс, 22 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 44 мыңнан астам рейс, 525 мың текше метр қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін көлік көп жүретін учаскелер тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. орындар қардан тазартылады.
Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау – басымдыққа ие.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.