Күн сайын коммуналдық қызметтер Астанадан мыңдаған текше метр қар шығарады. Бұл жұмыс тәулік бойы ауысымдық режимде жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
11 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңнан астам арнайы техника шықты.
10-ынан 11 желтоқсанға қараған түнде елордадан 545 рейспен 7 мың текше метр қар жиналып, шығарылды.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан 75 703 рейспен 961 мың текше метр қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. орындар қардан тазартылады.
Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигондары жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз, - делінген хабарламада.