Елордада коммуналдық қызметтер қар мен көктайғақтан тазарту жұмысын тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Өткен түнде коммуналдық қызметтер 1776 текше метр қарды 147 рейспен қала сыртына шығарды. 16 қарашада күндізгі ауысымда қар күреу жұмысына 2839 жол жұмысшысы мен 811 арнайы техника жұмылдырылды.
Коммуналдық қызметтер жолдар мен тротуарларды көктайғақтан тазартуға ерекше көңіл бөлуде: тұрғындардың қауіпсіз жүруі үшін техникалық тұзбен себілуде.
Айта кетейік, қыс басталғалы бері 23 113 ауыр жүк көлігі рейсімен 257 мың текше метрден астам қар арнайы полигондарға шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазаланады.
Астана әкімі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда аса сақ болуға және ауа райы қолайсыз болған жағдайда алыс жолға шықпауға шақырады.