Елордадағы № 59 мектеп-лицейінде QYZSTAR қыздар клубы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Клуб "Біртұтас тәрбие" бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылды.
Мұндай клубты құрудың мақсаты – мектеп жасындағы қыздарды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарға баулу, еңбексүйгіштік, адалдық, жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру.
Қоғам қайраткерлері, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, журналистер Айгүл Мүкей, Миргүл Жилкишинова, бас инспектор, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова және EN Baqytty el қоғамдық қорының басшысы, психолог, № 59 мектеп-лицейінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Камиля Сүлейменова іс-шараға қонақ ретінде қатысты.
Қонақтарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Елордалық мектептердегі "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы балаларға адами құндылықтарды сіңірудің тиімді құралы болып саналады. Мысалы, биылғы оқу жылында 2023-2024 оқу жылына арналған бағдарламаны іске асыру бойынша кешенді жоспар әзірленді, елордалық білім беру ұйымдарының басшылары, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілерінің әдістемелік бірлестігі, әлеуметтік педагогтар үшін оқыту семинары өткізілді, 3600-ден астам педагог қамтылды.
Бағдарлама аясында бүгінгі таңда "Жеткіншектің жеті жарғысы", "Еңбегі адал Жас өркен", "Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз" өзекті жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ 98 мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істейді.