Мемлекеттік Орталық музей 17 мамырда Халықаралық музейлер күніне арнап "Музей түні-2024" акциясын өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жылғы шара музейдің білім саласында алар орнын, өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәрбиелеу және ұлттық мәдениетті насихаттаудағы музейдің өлшеусіз үлесін айқындау үшін "Білім беру және зерттеудегі музейлер" тақырыбында өтпек.
Таңдалып алынған тақырып музейдің негізгі қызметінен бөлек тәрбие және білім беру саласын да қамтитын серпінді ғылым-білім орталығы екенін көрсетеді.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі келушілерге тарихты, дәстүрлі мәдениет пен өнерді зерттеуге арналған білім беру және ғылыми зерттеу бағдарламаларын таныстырады. Білім беру, шығармашылық, зияткерлік стартаптар мен музейлік кластерлер және түрлі workshop үлгілері оқу-ағарту платформасы есебінде қолданылмақ.
Сондай-ақ, мереке қонақтары Орталық музей қорындағы бағалы коллекциялардан тұратын жаңа көрмелермен таныса алады.
Кеш барысында өтетін концерттік бағдарлама қонақтар алдында ҚР Халық артистері, мемлекеттік оркестрлер, музыкалық және шығармашылық ұжымдар мен ансамбльдер (Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, «Қазақстан камератасы», Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптары оркестрі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мектеп, Алматы қалалық белсенді ұзақ өмір орталығы) мен қазақ, күрд, ұйғыр, кәріс ұлттық-мәдени – этноорталықтары мен «Родина» хоры т.б өнер көрсетеді.