Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен онлайн брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Гарифуллин айтып берді.
Оның айтуынша, елордада 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 6 600-і - балалар.
Оңалту шараларымен мүмкіндігі шектеулі жандардың сегіз мыңнан астамы қамтылды. «Инватакси» қызметі үшін 43 автокөлік бөлінген. Өткен жылдан бері әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бірыңғай цифрлық алаң арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажет оңалту шараларын таңдап, тапсырыс бере алады. Үйден шығып, ауруханаларды аралаудың қажеті жоқ. Өткен жылы он екі мыңнан астам қызметке өтініш түсті. Үйінде компьютерлері жоқтарға қала бойынша 18 қызмет көрсету аймағы бар, ол жерге Электрондық цифрлық қолтаңбамен барып, портал арқылы тапсырыс беруге болады, - деп атап өтті басқарма басшысы Бахтияр Гарифуллин.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бойынша биыл әкімдік арнай қаулы қабылдап, жұмыс берушілерді анықтаған. Басқарма басшысы бұл туралы толық ақпарат алдағы уақытта шығатыны туралы айтты.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға үкіметтік емес ұйымдар да көмек қолын созады. Олардың қатарында «Ерекше балалар», «Береке астана», «Балам-ай» сынды ұйымдар бар. Олардың қызметімен 600-ден астам адам қамтылған. Соның арқасында көптеген ата-ана бос уақытта өз шаруаларымен айналысуға, жұмысқа шығуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар елордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі спорт кешені қызмет көрсетеді.
Олар «Параолимпиадалық ойындар спорт кешені» мен «Арена-Тарлан».
Бұған дейін басқарма басшысы елорданың кей тұрғындары тістерін тегін емдете алатыны туралы айтқан болатын.
Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.