Елордада министр кубогінің алғашқы жеңімпазы анықталады

16 Мамыр 2022, 09:55
1240
Бөлісу:
Елордада министр кубогінің алғашқы жеңімпазы анықталады
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22-24 мамыр аралығында елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ұйымдастырылған мәдениет және спорт министрі кубогінің жартылай финалы мен финалы өтеді. Бұл туралы портты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

А тобының жеңімпазы мен С тобының үздігі, ал В тобының мықтысы мен D тобының жеңімпазы финалға берілер жолдама үшін таласпақ. Олар: 1-жұп: К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы) – Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда облысы);

2-жұп: Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Нұр-Сұлтан) – Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернаты (Қарағанды облысы);

Аталған оқу орындарының 2006-2007 жылы дүниеге келген шәкірттері бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен шеберлік байқасады. Мамырдың басында, 1-4 күндері өткен топтық кезеңге барлығы 17 команда қатысты. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қаласында үздікті анықтады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрінің Кубогі биыл алғаш рет өткізіліп жатыр. Министр кубогінің жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. 1-орын алған командаға - 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3 орынға – 2 млн теңге беріледі.

Бұдан бөлек, төрешілер бокстан – «Үздік техникасы үшін», еркін күрестен – «Жеңіске деген ерік-жігері үшін», дзюдодан – «Үздік әдіс үшін», грек-рим күресінен – «Көрермендердің көзайымы үшін» номинациясында жеңімпазды анықтайды.

Балалар жылы аясында ұйымдастырылып жатқан кешенді бәсеке балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауға бағытталған. Министр Кубогінің бүгінгі қатысушылары – ертеңгі ел спортының болашағы.

22 мамыр – төрешілер мен командалар келіп, ресми салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Сонымен қатар мандаттық комиссияның отырысы болады.

22-23 мамыр – жартылай финал жекпе-жектері (Уақыты 10:00 – 16.00). 

24 мамыр – 3-орын иегері мен жеңімпаз анықталады (Уақыты 11.00 – 16.30). 

Өзгелердің жаңалығы