Елордада мешіт шәкірттері арасында жарыс өтті

20 Желтоқсан 2019, 05:46
3519
Бөлісу:
Елордада мешіт шәкірттері арасында жарыс өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы "Раиса ана" мешітінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған Мәуліт айының құрметіне орай рухани кеш өтті, деп жазды muftyat.kz.

Адамзат баласына білім мен ақиқат нұрын шашқан ислам дінін алып келген пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған Мәуліт кешінде Құран және Мәуліт оқылып, Хақ елшісіне сансыз салауаттар айтылды. "Ол ең сүйікті жан!" атты бейнеролик, "Ол дүниеге келген кезде қандай оқиғалар орын алды?", "Салауат айтудың 10 пайдасы" атты бейнеслайдтар мен көріністер көрсетілді.

Рухани кештің басты оқиғасы ретінде "Нурул-Яқин" кітабының қазақша аудармасынан "Жүзден жүйрік" атты 6 топқа топталған 60 шәкірт арасынан жарыс ұйымдастырылды. Арнайы дайындалған 130 сұраққа жауап беру арқылы шәкірттердің білімі сарапқа салынып, мешіт қызметкерлері Елімай Ұтысқан, Әбжанов Абдуали, Ділдаханов Ақжан сайысқа төрелік етті.

Нәтижесінде 1-орынды "Ықылас" тобы, 2-орынды "Үммет" тобы, 3-орынды "Мүбарак" тобы иеленді. Ал ұпайы аздау болған үш топқа ынталандыру жүлдесі табысталды. Рухани Мәуліт кеші аясында дін мен дәстүр сабақтастығы да жаңғырып, "Раиса ана" мешітінің бас имамы Қалижан Айдар есімді жамағаттың баласы Нұрмұхаммедтің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

Өзгелердің жаңалығы