Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада құдыққа түсіп келкен әйелге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі түсініктеме берді.
13 қаңтар күні астаналық ТЖД Қабанбай батыр көшесі бойында әйелдің құдыққа түсіп кеткендігі туралы келіп түскен хабарлама бойынша оқиға орнына шықты. Жеке құрамның 9 адамы және 2 бірлік техника шақырту орнына келіп, жедел түрде құтқару операциясына кірісті, - деді ТЖД.
Құтқару сатысының және құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен әрекетімен әйел адамды шығарып, құтқарылды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен әйел жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылып, ары қарай №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде жағдайы қанағаттанарлық, үйіне жіберілді.