Жақыныңа жанашыр бол. Елордада коронавирус жұқтырған 112 жүкті әйел бар

17 Маусым 2020, 15:14
1625
Бөлісу:
Жақыныңа жанашыр бол. Елордада коронавирус жұқтырған 112 жүкті әйел бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Бүгін таңертең уақытша және жұқпалы ауруханалардағы адам саны 1711 адамды құрады. Бұл – орын сыйымдылығының 90%-ы. Оның ішінде 80 адам реанимация бөлімінде жатыр. Ал өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар саны 4 есеге артты. Олардың 91%-ның жағдайы орташа ауырлық деңгейде, 9%-ы ауыр және өте ауыр жағдайда. Олар дереу реанимация бөліміне  түседі, - деді басқарма басшысы.

Сәуле Қисықова онлайн брифинг барысында медициналық ұйымдарға пневмониямен келіп түсіп жатқан науқастар санының артқанын жеткізді. 

Егер жыл басында ауруханаларға күніне орта есеппен пневмониямен 5 пациент келіп түссе, маусым айынан бастап, күн сайын орта есеппен 500 адамдай түсіп жатыр. Оның ішінде әрбір екінші науқастан вирусты пневмония анықталып отыр (90%-ының жағдайы орта ауыр және ауыр), - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, 17 маусымда елордадағы инфекциялық стационарларда бойында коронавирус инфекциясы бар аналардан 17 сәби дүниеге келген. 

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы бар жүкті әйелдер саны – 112. Олардың  78-і стационарларда ем қабылдауда. Елімізде пандемия басталған кезде іске қосылған стационарлар саны санаулы болса, бүгінде олар 10-ға жеткен. 12 маусымнан бастап провизорлық стационарлардағы төсек-орын көлемі 300 орыннан 700-ден астам орынға артты, - деді ол.

Ол сондай-ақ, бүгін жұмыс күні аяқталғанға дейін жеке босану үйі немесе COVID-перинаталды орталығын ашу жоспарда бар екенін жеткізді.

Бүгін 230 төсек-орынға шақталған бір провизорлық стационарды инфекциялық стационарға ауыстырамыз. Сондай-ақ, бас әскери госпитальді провизорлық стационар базасында ашу жоспарланып отыр. Қаладағы медициналық ұйымдарда 3500 дәрігер және 8000 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Елордадағы халық саны 1 миллион 200 мың. Егер қала тұрғындары өздерінің денсаулықтарына жүрдім-бардым қарап, жауапсыздық танытса, біздің дәрігерлер мен төсек-орын барлығына бірдей жетпейді. Яғни қажет кезде медициналық көмек барлығына бірдей дер кезінде көрсетілмейді. Сондықтан тиісті санитарлық нормаларды сақтамасақ, қаладағы жағдай нашарлауы мүмкін. Сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі өзіңізге байланысты, - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сәуле Қисықова Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайға тоқтала отырып, қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы