Елордада көркемсурет мектебі түлектерінің көрмесі ашылады

3 Маусым 2019, 15:35
2428
Бөлісу:
Елордада көркемсурет мектебі түлектерінің көрмесі ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебі түлектері дипломдық жұмыстарының көрмесі ашылады.

Кітапхананың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Туған өлкем» көрмесі 2018 жылдың ақпанынан бастау алған балалар шығармашылығын қолдауға бағытталған республикалық бағдарламаның аясында ұйымдастырылды. Бұл – Елбасы кітапханасы мен Нұр-Сұлтан қаласы ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебінің ұйымдастырып жатқан жетінші көрмесі. «Туған өлкем» бағдарламасының арқасында елорда тұрғындары мен қала қонақтары еліміздегі балалар көркемсурет мектептерінің үздік жұмыстарымен таныса алады.

«Туған өлкем» көрмесінде ұсынылатын жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу өнерінің сан алуан техникаларын көрсетеді. Ашылу салтанатында 50-ден астам дипломдық жұмыс ұсынылатын болады. Бұл көрмеде Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы Балалар көркемсурет мектебінің ұстаздары мен оқушыларының көпжылғы еңбегі көрсетіледі.

Әубәкір Исмаилов атындағы Балалар көркемсурет мектебінің негізі 1987 жылы қаланды. 32 жылдық тарихы бар мектеп бүгінде өзіндік дәстүр мен тәжиребеге, түрлі жетістікке бай өнер ордасына айналып отыр. Осы уақытқа дейін бұл мектепті түлеп шыққан 800-ден астам маман өнер саласына таптырмас үлесін қосып келеді. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Чехия, Германия қалаларының сәулетшілері, дизайнерлері, суретшілері мен бейнелеу өнерінің ұстаздары бар.

Ашылу салтанатына дейін қонақтар мектеп мұғалімдерінің шеберлік сыныбы мен дәріс нәтижелерімен таныса алады. Шеберлік сынып сағ. 10.30-да басталады. Көрме 2019 жылғы 9 шілдеге дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы