Елордада JAS NOMAD жобасы басталды

24 Қыркүйек 2021, 04:21
2315
Бөлісу:
Елордада JAS NOMAD жобасы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Елорда әкімдігінің «Астана жастары» КММ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғыртуға арналған JAS NOMAD жобасын іске қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл жоба 2021 жылғы желтоқсанға дейін жастар арасында ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені ретінде онлайн-форматта өтетін болады.

Негізінен біз іс-шараларды онлайн өткіземіз. Контент біздің YouTube-арнамызға ұлттық костюмдердің атаулары мен тарихы, ұлттық тағамдар, ұлттық аспаптар, ет турау рәсімдері бойынша шығарылатын болады. Бұдан бөлек, қазан айында қолөнер, қыш және тігін ісі бойынша екі офлайн іс-шара өтеді, – деді «Астана жастары» КММ Жастар бастамаларын қолдау жөніндегі маманы Олжас Амангелді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жыл соңына дейін жалғаспақ. Контент қазақ және орыс тілдерінде 25 бейнеролик түрінде онлайн шығады. Ашылу салтанатында жобаның 15 қатысушысы үйретушінің көмегімен киіз үйді жинап көрді.

Айта кетсек, жоба жаттықтырушыларының бірі – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев бұл бастаманың елорда жастары үшін өте маңызды екенін, өйткені ол жастардың ұлттық құндылықтар туралы дүниетанымын кеңейтетінін атап өтті. 

JAS NOMAD – қала жастары үшін маңызды шара. Мен жастарды ұмытылған дәстүрлерді жаңғыртуға баулимын. Өйткені өзім тарихшы, этнологпын. Өкінішке қарай, қазір қала мен ауыл арасында үлкен айырмашылық бар. Ауыл жастары қалалықтардан қатты ерекшеленеді. Біз ауылдан шыққанымызды мақтан етуге тиіспіз. Қазақ «Ауыл – ұлттың негізі» деп бекер айтпаған. Бұрын бабаларымыз күздің осы кезеңі – Мизам шуақта киіз үйлерді жинап, тастан, шым кірпіштен салынған күздік баспанаға (күзеу) көшіп, кейін қыстауға қоныстанған. Бұл туралы біз шеберлік-сыныптарда толыққанды айтып береміз, – деді Батырхан Жұмабаев. 

Жобаға 14-29 жас аралығындағы ниет білдірген жастар қатыса алады. Ол үшін «Астана жастары» Instagram парақшасына кіріп, Google пішініндегі нұсқаны толтыру қажет. Қатысу тегін.

Өзгелердің жаңалығы