Елордада Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде «AstauFest-2022» III Халықаралық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
4-6 қазан аралығында өтетін шараға 8 мемлекет пен еліміздің 13 аймағынан жүзден аса студент, сайысқа қатысушы шеберлер және сарапшылар келді.
Фестиваль 2019 жылдан бері Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен колледж базасында жыл сайые дәстүрлі түрде өтіп келеді. Шара Халықаралық аспаздар күні аясында аспаз, кондитер, даяшы мамандығын жетілдіруге, жоғары кәсіби асхана шеберлігін насихаттауға, тәжірибе алмасуға бағытталған. Халықаралық фестиваль креативті мамандар үшін идеяларды талқылап, жүзеге асырудың жаңа тетіктерін іздейтін, жаңаша шешімдер қабылдайтын, оны қазақстандық білім беру саласына енгізетін алаңға айналып отыр, - деді Астана қалалық «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» директоры Зәуре Қылышбаева.
Халықаралық фестивальге Сеул қаласының Тамақтандыру институты (Корея), Өзбекстан аспазшылар Ассоциация, Анталия қаласының Тамақтандыру және қонақ үй бизнесінің колледжі (Түркия), Екатеринбург қаласының сауда-экономикалық техникумы (Ресей), Қазан қаласының Халықаралық сервис колледжі (Татарстан), Якутия сервис технологиялық техникумы (Саха Республикасы) өкілдері, «Талап» КЕАҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері, әлеуметтік серіктестер, республиканың Орал, Көкшетау, Теміртау Талдықорған, Павлодар, Көкшетау, Ақтобе, Алматы, Астана қалаларының оқу орындары оқытушылары мен студенттері қатысып жатыр.
Фестиваль аясында конкурстық бағдарлама және конференция, байқаулар, шеберлік сыныптары, тренингтер, т.б. болады. Алаң әрбір қатысушы өз туындыларын көрсетіп, өз күшін сынап, кәсіби мамандардың алғысына бөленуі үшін жасалған. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту, тәжірибе алмасу және гастрономиялық өнер атмосферасына ену үшін бірегей мүмкіндік.