Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20-24 сәуір аралығында «Eurasian Book Fair-2022» бесінші Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлады ұйымдастыру дирекциясы.
«Eurasian Book Fair-2022» Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі –ересектер үшін де, балалар үшін де бірдей қызықты болатын бес күндік ауқымды мәдени және іскерлік бағдарлама. Көрмеге қатысушыларды балаларға арналған және көркем әдебиет, танымдық және танымал әдебиеттердің тұсаукесері, балалардың шығармашылық және дамуына арналған шеберлік сабақтары, поэзия кештері және дөңгелек үстелдер күтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды», – деген болатын. Сондықтан биылғы Балалар жылындағы жастардың қабілетін дамыту үшін кітап оқуды насихаттап, интернеттің шексіз ақпарат ағынына төтеп беріп, өскелең ұрпақ өміріне лайықты кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру қажет.
Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен таныстыра отырып, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту, байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету.