Астанада Музыкалық жас көрермен театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған жазушы, драматург Мәдина Омарованың «S.O.S» атты драма жанрындағы қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде ұсынылды.
Премьераға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, композитор, продюсер Ринат Гайсин, сондай-ақ мектеп оқушылары және студенттер қатысты.
«Қойылымда бір отбасының басынан өткен жағдай баяндалады. Басты рөлдегі Айбар жұмыс таба алмай жүреді. Қиналып жүргенде есірткі сататын жігіттерге жолығып, жеңіл ақшаның соңынан кетеді. Соңында ұйып отырған бір отбасының шаңырағы ортасына түседі», - деді спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.
Спектакльде басты кейіпкер Айбар рөлінде Бибол Байғараев, Абзал Арапов болса, Айбарша рөлін Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева сомдады. Ал анасының рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат орындады.
«Бүгінгі спектакльде басты кейіпкерлердің бірі – Айбаршаның рөлін сомдадым. Ол – Айбардың қарындасы. Айбарша ағасының жасаған қателігін жуып-шаю үшін есірткі қабылдауға мәжбүр болады.
Жалпы біз Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, мектеп оқушылары, студенттер көп келеді. Сондықтан жастар арасындағы лудомания, есірткіге қарсы қойылған қойылымда зиянды әдеттердің зардабы көрсетілді», - деді актриса Аружан Бағзат.
Драмада әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті – нашақорлық баяндалады. Оң мен солын танымаған жасөспірім өзіне лайық орта іздейді. Театр ұжымы тағдыр тәлкегіне түсу әп-сәтте, адамзат тарихындағы қасіреттерді көбейтуші, зұлымдықтарды тудырушы, адамды аздырушы – апиын екендігін көрерменге жеткізе білді.
«Маған премьера қатты ой салды. Зиянды әдеттерден аулақ болуға тырысамын. Қойылымды көре отырып, әкенің, ананың, жалпы адамзаттың қадірін түсіндім», - деді мектеп оқушысы Қалдыбай Нұрғиса.